• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әлем 29 Мамыр, 2020

Бүгін – БҰҰ бітімгерлерінің күні

433 рет
көрсетілді

Жыл сайын 29 мамырда Біріккен Ұлттар Ұйымының халықаралық бітімгерлер күні аталып өтіледі. Қазақстандықтардың кәсібилігі де әлем бойынша жоғары деңгейде бағалануда. Бүгінгі күні 6 отандасымыз Батыс Сахарадағы миссияны атқарып жатыр, ал Ливанда үшінші қазақстандық бітімгершілік ротасы миссияға қатысуды жалғастыруда, оған келесі төртінші бітімгерлік рота дайындалуда. 

БҰҰ Бас Ассамблеясының бұрыштамасына сәйкес, мереке 2002 жылы бүкіл әлем бойынша қызмет атқарып жүрген бітімгерлердің тиісті жанқиярлығына баға беру үшін жарияланды. Бұл күн жалпы бейбітшілік пен қауіпсіздікке қол жеткізуге бағытталған қызметтің нәтижелерін білдіреді.

Бітімгерлер тек қана қорғаушылар емес, олар сонымен қатар жасампаз. Олардың міндеттеріне дағдарысты жағдайларды шешу мен бейбітшілікті қолдау кіреді.

ҚАЗБАТ қазақстандық бітімгершілік батальоны 2002 жылы Қазақстан Қарулы Күштерінің бітімгершілік миссияларына қатысуы үшін құрылды. 2003 жылдың тамыз айында ҚАЗБАТ инженерлік-саперлік жасағы коалицияның тұрақтандыру күштері құрамында Иракқа жіберілді. 2008 жылдың қазан айына дейін бірнеше ротация өткізілді, Ирактағы бітімгершілік миссияда 250-ден астам қазақстандық әскери қызметші қызмет атқарды. Олар миналы алаңдарды залалсыздандырып, жарылыс қаупі бар заттарды жойды.

Кейін Кот-д'Ивуар және Батыс Сахарадағы бейбітшілікті қолдау жөніндегі БҰҰ миссияларына әскери бақылаушылар ретінде қатысты. Айта кету керек, Батыс Сахарда әлі күнге дейін біздің алты бітімгер қызмет атқарады, оның ішінде екі әйел әскери қызметші бар.

2018 жылдан бастап Қазақстан бітімгершілік әлеуетін іске асырудың жаңа мүмкіндігіне ие болды. Тарих беттерінде алғаш рет бүкіл бөлімше, бірінші бітімгершілік ротасы «Ливандағы БҰҰ уақытша күштері» миссиясына қатысуға бағытталды. Бүгінгі таңда үшінші бітімгершілік ротасы қызмет атқаруда, оның орнына төртінші рота дайындық жүргізуде. Қазақстандық контингент Үнді батальонының құрамында өз жауапкершілігі аймағында міндеттерді орындайды. Атап айтқанда жергілікті жерді патрульдеуді, бақылау бекеттерін ұйымдастыруды, халыққа көмек көрсетуді жүзеге асырады, сондай-ақ миссия штабы өткізетін барлық іс-шараларға қатысу.

Қазақстандық бітімгерлер өздерін нағыз кәсіби мамандар ретінде көрсете білді. Олар тамаша жауынгерлік даярлықты, кез келген қойылған міндеттерді шешуде төзімділік пен әзірлікті көрсетуде, бұл БҰҰ миссиясының басшылығымен де жоғары бағаланады.

Қазақстандық бітімгерлер қызметінің ұйымын Қорғаныс министрі жоғары бағалады. Ол әскери қызметшілерге бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолынды қызметтеріне сәттілік, сондай-ақ, денсаулық пен амандық тіледі.

Қазақстандық бітімгерлердің жетістіктері әскери қызметшілер миссия құрамына кіру үшін өтетін даярлықтың сапасымен тікелей байланысты. Қазақстан Қарулы Күштерінде бітімшілерді даярлаумен Қорғаныс министрлігінің бітімгершілік даярлық орталығы, минасыздандыру орталығы және әскери медицина орталығы айналысады. Нұсқаушылар болашақ бітімгерлерді жан-жақты дайындайды. Әскери қызметшілер психологиялық тестілеуден, медициналық тексеруден өтеді, халықаралық стандарттарға сәйкес ағылшын тілі тесттерін және Қазақстан Құрлық әскерлерінің бітімгершілік бөлімшелерінің жауынгерлік даярлық бағдарламасы бойынша, теориялық және практикалық дайындықтан тапсырады. Миссиядан келгендерде өз тәжірибелерімен бөліседі.

Ұлттық бөлімшенің бітімгершілік миссияға қатысуы халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға үлес қосуға мүмкіндік береді және елдің халықаралық қоғамдастықтың жауапты мүшесі ретіндегі беделін нығайтуға қызмет етеді.